Қытайдың оңтүстігінде көктем мерекесі қарсаңында қалың қар жауады
АСТАНА. KAZINFORM - Сәрсенбі күні Қытайдың оңтүстігінде қалың қар мен жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Ұлттық метеорологиялық қызметінен хабарлады.

Болжам бойынша, Гуйчжоу, Хубэй, Аньхой, Хунань, Цзянси және Чжэцзян провинцияларының кей жерлеріне, сондай-ақ Қытайдың Чунцин мегаполисінде қалың қар түседі. Бұрқасын салдарынан жоғарыда аталған провинциялардың кейбір аудандарында жауын-шашын мөлшері 18 см-ден асуы мүмкін.
Синоптиктер сәрсенбіден бейсенбіге қарай Қытайдың оңтүстігіндегі бірнеше провинцияда температураның рекордтық деңгейде төмендейтінін ескертті.
31 қаңтар мен 5 ақпан аралығында осындай жауын-шашын циклоны Қытайдың 2,5 млн шаршы шақырымнан астам аумағына әсер етті.
Қытай билігі сейсенбіде қар, жаңбыр мен қатқақ салдарынан болған табиғи апаттан зардап шеккен провинциялардағы жол қозғалысын қалпына келтіруге шамамен 20 млн доллар бөлді.
Еске сала кетсек, 10 ақпанда Қытай ай күнтізбесі бойынша дәстүрлі Жаңа жылды (Чуньцзе, көктем мерекесі) мерекелейді.