Қытайдың жүк әуе компаниясы Астанаға аптасына 4 рет рейс орындайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың China Central Longhao жүк әуе компаниясы қыркүйектен бастап Астанаға аптасына төрт рет Boeing 747-400F ұшағымен рейс орындауды жоспарлап отыр. Бұл елорда әуежайының жүк бағыттарын кеңейтіп, Астананың халықаралық транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы мәлім етті.
Астана халықаралық әуежайында Қытайдың жүк тасымалына маманданған China Central Longhao әуе компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар елорда әуежайы арқылы жүзеге асырылатын карго-техникалық аялдамалар бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін және жүк әуе тасымалдарын дамыту перспективаларын талқылады.
China Central Longhao компаниясы қыркүйек айынан бастап Boeing 747-400F жүк ұшақтарымен аптасына төрт рет Астана арқылы рейстер орындауды жоспарлап отыр. Жаңа тасымалдаушының келуі әуежайдың жүк бағыттары желісін кеңейтіп қана қоймай, Астананың Қытай, Орталық Азия және өзге де халықаралық нарықтарды байланыстыратын маңызды транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді.
— Конструктивті диалог пен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқаны үшін China Central Longhao компаниясының өкілдеріне алғысымызды білдіреміз, — делінген хабарламада.
Бұған дейін «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ 2025 жылды 6,9 млрд теңге шығынмен аяқтағанын жаздық. Кәсіпорынның жылдар бойы жинақталған жабылмаған шығыны 36 млрд теңгеге жеткен.