Қытайға астық жеткізетін вагондар айналымын жеделдету үшін не істеледі

астыз
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Қытайға астық жеткізетін вагондар айналымын жеделдету үшін нендей жұмыс істеліп жатқанын айтты.

Сенаттың жалпы отырысында депутат Жанболат Жүргенбаев министрден жүк тасымалдайтын вагондар айналымын жылдамдату үшін Қытай тарапымен қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқанын сұраған еді.

«Былтыр Қытайға астық тасымалдау 1 млн 300 мың тоннаға артты. Яғни, 2 млн 100 мың тонна астық жеткізілді. Оның ішінде 1 млн 400 мың тонна астық контейнермен тасымалданған болатын. Мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншіден, қытайлық тараптың өзінде астық қабылдайтын арнаулы терминал салынып жатыр. Бірақ, оның құрылысы көп жылдан бері созылып кетті, аяқталмады. Биыл құрылысы аяқталса, онда астық тасылмадайтын вагондарымыздың жылдам айналымына мүмкіндік береді. Қытай тарапымен сол терминалдың құрылысын тездету бағытында келіссөз жүргізіп жатырмыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Қытайдан жүк елімізге контейнерлермен жеткізіледі. Сол контейнерлер бос қайтпауы үшін астық тиеледі. 

«Бірақ, ол шамалы қымбатқа түседі. Дегенмен, 2023 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 630 мың тоннаға көп астық контейнермен тасымалданды», - деді Марат Қарабаев.

Соңғы жаңалықтар