Қытайға төрт түліктің ішек-қарыны экспорттала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

ЕАЭО, ТМД, Еуропалық Одақ, Моңғолия, Грузия, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да бірқатар елге қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілген.
Бұдан бөлек, Тәжікстан, Бахрейн, Катар, Кувейт және Оманға мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылмақ.
«Қытай нарығын ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, соның нәтижесінде Қазақстанның барлық аумағынан құс еті мен ілеспе өнімдерді, еліміздің оңтүстік-шығыс аумағынан ашатұяқты жануарлар мен тиісті өнімдерді әкелуге енгізілген шектеулер алынып тасталды. Қытайға тері, ішек-қарын өнімдеріне экспорттық нарықтарын ашу жөніндегі жұмыс жалғасуда», - делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген жауабында.
Жалпы, кешенді жоспар аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға 5 жыл ішінде 372 миллиард теңгеден астам, оның ішінде инвестициялық мақсатқа 150 миллиард теңге, ағымдағы мақсаттарға 222 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.
Жоспарды іске асыру тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өңдеу өнімдерінің жалпы өндірісін 1,4 есеге арттыруға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешеннің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.