Қытайлық БАҚ: Қазақстанның энергетика саласындағы ауқымды реформалары

Бүгін Қытайдың әйгілі «thepaper» ақпарат агенттігі арнайы мақала жариялап, Қазақстанның энергетика саласындағы ауқымды реформалары туралы жазды, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото
Фото: freepik.com

Мақалада Қазақстанның энергетикалық түрлендірудің болмай қоймайтынын бұрыннан түсінгені баяндалған. 

Атап айтқанда, 2009 жылы Қазақстан үкіметінің «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңы қабылданғаны, 2012 жылы қабылданған 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында электр қуатын өндірудің жалпы қуатын 2015 жылғы 91 миллиард киловатт сағаттан 150 миллиард киловаттқа дейін ұлғайту көзделгені тілге тиек етілген. 
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ұсынған энергетикалық реформаның әртараптандырылған мақсаттары таныстырылып, Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяоның «Қытай мен Қазақстан энергетикалық ынтымақтастығы ресурстар мен нарықтардың бірін-бірі толықтыратын орасан зор артықшылықтарына ие» деген сөзі мысалға арқау болды. 

China Power Kazakhstan Energy Investment Co., Ltd. компаниясының деректеріне сәйкес, 2022 жылдың аяғында Қытай компаниялары Қазақстанға салған және жаңартылатын энергия көздері бойынша бірқатар жобаның жалпы белгіленген қуаты 1 000 мегаватттан асты. Биыл мамыр айында Қытай мен Қазақстан мемлекетінің басшылары бірлесіп қол қойған мәлімдемесінде екі ел мұнай, табиғи газ, табиғи уран және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, жел энергетикасы, фотоэлектрлік, күн жылуы және атом энергетикасы сияқты таза энергетика салаларына ерекше ден қоятынын айтқан.

Сонымен қатар Қазақстанның энергетикалық нысандарының ескіру проблемасы сөз болып, Қазақстан үкіметінің осыған байланысты инфрақұрылымды жаңартуды қарқынды түрде жақсартып жатқаны атап өтілді. 

Мақалада ядролық энергетиканы дамыту жайы баяндала келе, Қазақстан өзінің ядролық қару арсеналынан бас тартқан ел ретінде халықаралық қоғамдастықта ядролық емес қаруды жақтаушылардың бірі екені жазылған. Дегенмен, ел атом энергиясын азаматтық мақсатта пайдалану нұсқасынан толық бас тартқан жоқ. Керісінше, энергияны әртараптандыруды арттыру мақсатында Қазақстан атом электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Ал Қытай атом электр станцияларын салу технологиясының баламалы жеткізушілерінің бірі саналады. 

Аталған сараптамада энергияны түрлендіруді жүзеге асыру үкіметтің, кәсіпорындардың және қоғамның бірлескен күш-жігерін талап ететін күрделі және ұзақ мерзімді процесс екені сөз болды. Халықаралық энергетикалық саладағы өзгерістері және энергетика ғылымы мен технологиясының қарқынды дамуы аясында Қытай мен Қазақстан жаңа энергетика саласындағы байланысты арттырып жатыр. Екі ел жел энергиясы, күн энергиясы және ядролық энергия сияқты таза энергетика салаларындағы ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтуде. 
Қытайлық инвесторлар Қазақстанның таза энергия нарығына көбірек назар аударып, инвестициялық жоспарларын жасап келеді. Қазақстан үкіметі 2019 жылы жариялаған Қытаймен 55 инвестициялық жобаның тізімінде энергетикалық жобаларға салынған инвестиция шамамен 2,384 миллиард АҚШ долларын құрады, оның басым бөлігі жел және күн электр станциялары болды.

Қорыта айтқанда, «thepaper» ақпарат агенттігі энергетикалық құрылымды трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрған Қазақстан Қытаймен ынтымақтастық арқылы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алатынын жеткізген.