Қытайлық машина жасаушылар Қазақстандағы өндірісті инвестициялауға дайын – Чжоу Хаймин

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай компаниялары Қазақстанның машина жасау секторына, оның ішінде негізгі компоненттерді жергілікті жерде өндіретін бірлескен кәсіпорындар құруға қызығушылық танытып отыр.

 Қытайлық машина жасаушылар Қазақстандағы өндірісті инвестициялауға дайын
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл туралы Қытайдың Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті жанындағы Машина жасау комитеті төрағасының орынбасары Чжоу Хаймин Қазақстан машина жасаушыларының XII форумында айтты.

− Қазақстан мен Қытай – жақсы көршілер, достар әрі серіктес елдер. Біздің елдер көптеген жылдар бойы тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Осылайша 2024 жылы Қытай Қазақстанның көшбасшы сауда серіктесіне айналды. Сауда айналымы шамамен 44 миллиард долларды құрады, — деді Ч. Хаймин.

Спикердің айтуынша, үш мыңнан астам қытайлық компания Қазақстан экономикасына инвестиция салған. Бұл ретте машина жасау секторына ерекше назар аударылып отыр, себебі бұл сала екі елдің де экономикасында бірін-бірі толықтырады.

− Біз бұл саладағы сауда көлемінің де, инвестиция көлемінің де жоғары екенін көріп отырмыз. Өндірісті одан әрі дамыта түсуге болады. Оған қоса, жаңғырту жұмыстарын да жүргізе аламыз, — деп атап өтті Чжоу Хаймин.

Ч. Хаймин қазірдің өзінде қытайлық компаниялар Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асырып жатқанын және бірлескен кәсіпорындар арқылы өз қатысуын кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

− Менің ойымша, машина жасау — ынтымақтастық үшін болашағы зор сала, — деді Чжоу Хаймин.

Айта кетейік, Қазақстан машина жасаушыларының XII форумы 24-25 сәуір күндері Астанада өтеді. Форум отандық машина жасау саласын одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар мен практикалық ұсынымдар әзірлеуді көздейді.

Сондай-ақ, елордада машина жасау және металл өңдеу бойынша «Kazakhstan Machinery Fair 2024» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар