Қытаймен шекарада үш күн бойы көлік пен жүк өткізілмейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттері 2026 жылғы 1–3 қазанда жұмыс істемейді.

«Нұр жолы» өткізу пункті
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуге байланысты 2026 жылғы 1, 2 және 3 қазанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттері арқылы адамдарды, көлік құралдарын және жүктерді өткізу жүзеге асырылмайтынын хабарлайды.

— Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Мемлекеттік шекарадан өтуді жоспарлап отырған тасымалдаушылар мен азаматтардан маршруттарын алдын ала жоспарлау кезінде аталған шектеулерді ескеруді сұраймыз, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Ресейге өте алмай қалған 160-қа жуық жүк көлігі «Жайсан» бекетінде тұрғанын жазған едік.