«Қиындыққа мойымаған қазақ» - БАҚ-қа шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2013 жылғы 28 мамырдан бастап нейзильбер қоспасынан жасалған номиналдық құны 50 теңгелік М.Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған ескерткіш монетаны айналысқа шығаратындығын хабарлады. Монетаның қыры бедерлі және қапталындағы бейнелер мен жазулар шығыңқы. Диаметрі - 31 мм., массасы - 11,17 грамм, таралымы - 100 000 дана.
Номиналы 50 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
«Апат айтып келмейді». Бәрі аяқ астынан, күтпеген жерден болып жатады. Сондай оқиғаның бірі кеше түстен кейін Қызылорда облысында орын алды. Ақтөбе-Алматы бағытында келе жатқан жүк пойызының 5 вагоны рельстен шығып кетті. Солайша, 44 вагондық көлік жол жиегіне қисайып қалды»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Пойыз рельстен шығып кетті» атты материалда. Оқиға орын алған жерге Қармақшы ауданы әкімдігінің адамдары, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шұғыл түрде жеткен. Тиісті көмек дер кезінде берілген. Ас-сулары жеткізіліп, қажетті жағдайда жедел-жәрдем қызметкерлері көмек көрсеткен. Ең бастысы, адам шығыны жоқ. Бірақ осы бағытта қатынайтын пойыздардың жолы жабылып, адамдар әбігерге түсіп қалды. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, 1930 ж. басталып, 1950 жылға дейін жалғасқан қуғын-сүргін кезеңінде кешегі Кеңес Одағы бойынша 5 миллионға жуық адам жазықсыздан-жазықсыз жапа шегіп, соның ішінде 1 миллион ер-азамат «халық жауы» деген күдікпен атылған. Ал дәл сол жылдары Қазақстанда 22933 адамға қатысты 9805 іс қозғалып, 3386 азамат ату жазасына кесілген. Нақты дерек бойынша мысалы, 1937 жылы Қарағанды облысында орта есеппен бір күнде 3 адам, ал Алматы облысында күн сайын 37 - 39 қоғам қайраткері атылып отырған көрінеді. Сондай-ақ 13151 адам «итжеккенге» айдалыпты. Мұндай сойқан Сталин өмірден өткенге дейін, яғни 1953 жылға дейін жүргізілді. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Қиындыққа мойымаған қазақ» атты мақаланы оқыңыз.
***
«Нұр Астана» газетінде «Қос университет қара үзіп шықты» деген материал басылған. Халықаралық QS Ltd рейтингтік компаниясының зерттеу қорытындысы бойынша еліміздегі қос бірдей ЖОО - Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің ең үздік 400 университетінің қатарына енді. Таяуда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов атылмыш компанияның басшысы Нундзио Куакуареллиді қабылдап, қазақстандық білім жүйесінің жетістіктері мен бағыттарын талқылады.