11:10, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Қиыншылықтарға қарамастан жаңа өндірісті дамыту жобалары жалғасады
АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қиыншылықтарға қарамастан жаңа өндірісті дамыту жобалары жалғасады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр-Отан» ХДП фракциясының отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа өндіріс пен инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағытталған тың жобалар бүгінгі бастан өткеріп отырған қиыншылықтарға қарамастан жалғасын табады. Сондай-ақ жаңа өнеркәсіпті дамытуға байланысты бұрын қабылданған шешімдер де жалғасады. Оған қажетті ресурстар да жеткілікті. Оның ішінде энергетика саласын дамытуға, автокөлік жолдарын салуға қатысты белгіленген жобалар да толық жүргізіледі. Өйткені, бұндай нысандардың өзі қазіргі күні өзекті болып отырған жаңа жұмыс орындарын тудырады», деді К. Мәсімов.
Сондай-ақ сөз арасында Үкімет басшысы ағымдағы жыл бойы жаңа жұмыс орындарын ашуға қатысты барлық жобаларға қолдау білдірілетіндігін атап өтті.