Киіз бен кескіндеме диалогы: Алматыда екі суретшінің көрмесі ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Жазира Жұмашева мен Асель Әбілқай есімді екі суретшінің туындыларын біріктірген «Ғасырлар жаңғырығы: киіз және кенеп» атты көрме ашылды.
Экспозицияда киіз, жіп пен мата қолданылып жасалған туындылар, сондай-ақ кескіндеме жұмыстары қойылған. Авторлар дәстүрлі образдар мен материалдарды заманауи көркемдік тілмен қайта пайымдайды.
Көрме кураторы, Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері бөлімінің ғылыми қызметкері Ғалия Әлидің айтуынша, әр суретшінің өзіндік көркемдік тілі мен шығармашылық қолтаңбасы бар. Дегенмен олардың жұмыстарын ұлттық мәдениетке, табиғатқа, кеңістікке және дәстүрлі дүниетанымға деген қызығушылық біріктіреді.
— Суретшілер шығармашылығында ұлттық көркемдік дәстүр дайын үлгі ретінде қайталанбайды. Ол заманауи эстетикалық қабылдау мен авторлық ізденіс тұрғысынан жаңаша пайымдалады, — дейді Ғалия Әли.
Оның айтуынша, экспозицияның басты ерекшеліктерінің бірі — дәстүрлі материалдардың жаңаша қолданылуы.
— Киіз бен кесте секілді дәстүрлі материалдарды заманауи көркемдік тәжірибеде қолданып, сәндік-қолданбалы өнерге тән ерекшеліктерін сақтай отырып, оларға жаңа эстетикалық мән беруге болады. Материалдың табиғи қасиеттері мен авторлық идеяның өзара байланысы туындылардың өзіндік пластикалық тілін қалыптастырады, — деп атап өтті көрме кураторы.
Экспозицияда киіз бен кенептің өзара байланысына ерекше назар аударылған. Киіз қазақ халқының дәстүрлі материалдық мәдениеті мен көшпелі өмір салтымен байланысты болса, кенеп кәсіби бейнелеу өнеріндегі негізгі материалдардың бірі саналады.
Куратордың айтуынша, «Ғасырлар жаңғырығы» көрмесінің идеясы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәдени жады мен көркемдік тәжірибенің заманауи өнерде жаңа сипатқа ие болуымен байланысты. Бұл ретте суретшілер дәстүрлі образдарды сол күйінде қайталауға тырыспайды. Табиғат, дала кеңістігі, қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен ою-өрнек элементтері түс, пішін, сызық, ырғақ және фактурамен жұмыс істеудің негізіне айналған.
Бұл жаңғырық киіздің табиғи фактурасынан, кесте тігістерінің ырғақты құрылымынан, кескіндемедегі түс пен сызықтың қозғалысынан, сондай-ақ пішін мен кеңістіктің үйлесімінен көрінеді.
Өнертанушы, профессор Баян Барманқұлова ұсынылған жұмыстарды бағалай отырып, екі суретшінің бірлескен шығармашылығының ерекшелігіне тоқталды.
— Олардың бірге қалай жұмыс істейтіні, түрлі-түсті дақты қалай орналастыратыны мені таңғалдырды. Авторлар мен есімдерге байланып қарамасақ, киізбен өте еркін, қимылмен жұмыс істейтіндей әсер қалдырады. Адам қандай да бір сезімді бастан өткергенде, оны ым-ишара арқылы жеткізеді. Әр қимыл — эмоция. Мұнда эмоция қажетті түсті іліп әкетіп, оны кенепке түсіретіндей. Осы қимыл еркіндігі өте тартымды, — деді профессор.
Оның пікірінше, дәл осы еркіндік суретшілердің туындыларын дәстүрлі ою-өрнектен ерекшелендіреді.
— Ою-өрнекте дәстүр белгілі бір деңгейде шектеу қояды, мұндай еркін қимылға мүмкіндік бере бермейді. Ал мұнда кескіндемеге, кейбір жұмыстарда тіпті акварельге немесе майлы бояуға жақындағысы келетін заманауи адамның еркін ойлауы байқалады. Яғни ұлттық материалды алып, заманауи суретші ретінде жұмыс істеу. Мұнда уақытпен бірге ілгерілеуге деген ұмтылыс бар: дәстүрлі текемет пен сырмақты жақсы көре отырып, өзіңнің кім екеніңді айту. Өйткені текемет халық атынан сөйлесе, мұнда суретші жеке тұлға ретінде, өзіндік ерекшелігі бар адам ретінде сөйлейді. Табиғи тілің — текеметте, киізде. Шағын да, көлемді де жұмыстардың барлығы түсті сезіну мәдениетін, нанымды композиция құра білу шеберлігін және сонымен бірге өзіндік болмысты білдіру қабілетін көрсетеді, — деп атап өтті Баян Барманқұлова.
Көрменің ерекшеліктеріне тоқталған суретшілердің бірі Жазира Жұмашева дәстүрлі материал мен заманауи композициялық шешімдердің үйлесімін атап өтті.
— Біз киізбен де, кескіндемемен де айналысамыз. Киізді ұлттық бағытта қолдансақ, кескіндемеде бұрыннан келе жатқан дүниелерді қазіргі заманмен байланыстырамыз. Біздің ерекшелігіміз — жаңашылдығымыз деп есептейміз. Бұл — жаңа композициялық шешімдер. Қазақ мәдениетіне тән тұрмыстық және дәстүрлі қолөнер элементтерін — жануарларды, киіз үйді, оның ішіндегі заттарды пайдаланамыз. Алайда олардың барлығы заманауи тілмен орындалған, — деп түсіндірді ол.
Суретші өз туындыларының бірін «Кереге» деп атаған. Жұмыста қазақтың киіз үйінің құрылымына қатысты элементтер пайдаланылған. Туынды арнайы осы көрме үшін жасалып, оны дайындауға шамамен екі-үш ай уақыт кеткен.
— Бұл — қазақ киіз үйінің бөлігі — кереге. Кейбір бөлшектері киізден жасалған, «қошқармүйіз» оюының элементтері бар. Ал керегенің ар жағынан табиғат — су, өзен, жайлау көрінеді. Керегені көтергенде, киіздің ар жағынан пейзаж ашылады. Мұны аспанмен де байланыстыруға болады. Бүкіл композиция осы идеяға құрылған, — деді Жазира Жұмашева.
Екінші суретші Асель Әбілқай көрмеге келген мәдениет саласының өкілдеріне, суретшілер мен қолөнершілерге алғыс білдірді.
— Әр адам бір-бірімен жұмыс істеп кете алмайды. Бұл жақсы одақ деп қана айта аламын. Жазира, жанымда болғаның үшін көп рақмет, — деді суретші.
Көрме Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында өтіп жатыр. Экспозиция 2026 жылғы 16 қазанға дейін жалғасады.
Еске салайық, Алматыда Бәтима Зәуірбекованың мерейтойына арналған «Мұра жіптері» көрмесі ашылған еді.