Қыздар арасында күрестен соңғы лицензиялық турнирге баратын құраманы өзгерттік — бас бапкер

қайрат сағадиев
Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Күрес түрлерінен соңғы іріктеу турнирі Түркияда 9-12 мамыр күндері өтеді. Бұл — бізге берілген соңғы мүмкіндік. Өткенде Бішкекте қазақстандық қыздар жолдамаға қол жеткізе алмады. Сондықтан осы жолы жолдамаға таласатын балуан қыздардың құрамы жаңартылды. Бұл туралы Kazinform тілшісіне әйелдер күресінен бас бапкер Қайрат Сағадиев айтып берді.

«Бішкекте өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінен кемінде 2-3 жолдама аламыз деп үміттендік. Өкінішке қарай олай болмады. Бастап барған балуан қыздарымыз түгелімен финалға шыға алмады. Енді алда 9-12 мамыр күндері Түркияда соңғы әлемдік іріктеу турнирі өтеді. Бұл — бізге берілген ең соңғы мүмкіндік. Сосын бапкерлер құрамы ақылдаса келе Бішкекте жолы болмаған қыздардан тек 50 келіде Лаура Ғаниқызы мен 62 келіде Ирина Кузнецованы ғана қалдырдық. Қалған салмақта Азия аймақтық турниріне бармаған қыздарымызға мүмкіндік беріп отырмыз», — деді бас бапкер.

Бұл жолы бас бапкер Түркиядағы әлемдік турнирге 50 келіде Лаура Ғаниқызына, 53 келіде Марина Седневаға, 57 келіде Лаура Алмағанбетоваға, 62 келіде Ирина Кузнецоваға, 68 келіде Елена Шалыгинаға және 76 келі салмақта Эльмира Сыздықоваға үміт артып отырғанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әйелдер күресінен Ыстанбұлда өтетін соңғы іріктеу турниріне кімдер баратынын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар