Қызға «жасау» беру – қазақ халқының қыздарын ерекше қастерлеуінің белгісі

Қыз жасауы
Фото: ernur.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Kazinform агеніттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.

Жасау

Ұзатылатын қызға қыздың ата-анасы беретін мал жəне дүние-мүлік «жасау» деп аталады. Жасау əдетте, қалың малмен шамалас болады. Ауқатты адамдар қызына үй тігіп береді. Тіпті, қалың малдан артық жасау жасап береді.

«Жасау» ауқатты адамдар жөнінен алғанда мынадай мал-мүліктерден тұрады:

1.Төсек-орын, киім-кешек, яғни, бір ақ шаңқан киіз үй, бір жақсы төсек пен тағы бір құс төсек, 3–7 көрпе-жастық, бірнеше текемет, төркөрпе, сырмақ, от киіз, 5-6 алаша, 2-3 кілем, ішік, шапан, көйлек-көншек əрқайсысы 9-9 немесе 7-7, ең болмағанда 3-тен, 5-тен кем болмайды. 

2. Құрал-жабдық, қару-жарақ. Олар:ер-тұрман, садақ, мылтық, найза, сауыт, қалқан, берен қылыш, қазан-ошақ, шыны-шəйнек, балта-шот, балға-төс, егеу-түрпі, ине-жіп, ара, талыс, үскі-кескіш, біз, сыдырғы, бəкі-пышақ, т.б.

3. Ат-көлік жəне сауын-сойыс, яғни, қызға мінгізген жорға мен күйеу жігітке мінгізген жүйрік ат жəне олардың сауын ішіп, сойып жеулеріне берген 3-4с иыр, 20-30 ұсақ мал, сондай-ақ, артынып-тартынып көшулеріне бір-екі түйе қатарлылар. 

4. Қызға танысып барғанда жəне арнаулы берген туыс-туғандарының мал-дүниелері, яғни, мініс ат, сауын сиыр, сойысқа берген ұсақ малдары мен кілем, сырмақ, текемет, түрлі киім-кешек, білезік, сырға, алқа, жүзік, т.б.

көрпе-төсек
Фото: shopadili.com

Қызға «жасау» беру – қазақ халқының қыздарын ерекше қастерлеуінің тағы бір белгісі. Яғни, қыз ата-анасының қызымыз жат жер, жат елге барғанда еш қиындық көрмей, мал-дүниеден тарықпай, жылап-сықтамай, ел қатарлы жақсы күн көріп, тезірек еңсе көтеріп, бай-бақытты тұрмыс кешірсін дегені əрі болашақ ұрпақтардың дүниеге төрт мүшесі сау, ес-ақылы дұрыс болып келіп, олардың ақаусыз өсіп-жетілуіне мүмкіндік жасағаны.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.

Соңғы жаңалықтар
telegram