«Қызғылт қазан» — сүт безі обырына қарсы күрес айы
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын қазан айында тұтас әлемде сүт безі қатерлі ісігіне қарсы ақпараттық науқан өтеді. Бұл айда әйелдер арасында жиі кездесетін қауіпті ауруға назар аударылып, ерте диагностика мен профилактиканың маңызы айтылады.
«Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин сүт безі обыры бұрын сирек кездесетінін, ал қазір жиі диагностикаланып, қатерлі ісіктер арасында көш бастап тұрғанын айтып отыр.

— Статистикалық көрсеткіштерге келсек, 100 мың әйелдің арасында 14 әйел осы кеселмен ауырады. Бұл көрсеткіш ірі қалаларда айтарлықтай жоғары, 2021-2023 жылдары Астана мен Алматыда 100 000 әйелге шаққанда 56-58 жағдай тіркелген. Жыл өткен сайын сүт безі обыры жас әйелдерден де жиі анықталып отыр. Өткен жылдары жасы қырыққа толмаған мыңнан астам әйелге осы диагноз қойылды. Ал тегін скринингтер 40 жастан кейін басталады. Бұл деректер бізге қос бірдей маңызды мәселені көрсетеді: жаңа жағдайлардың тұрақты өсімімен қатар, өлім-жітімнің азаюы байқалады. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің ерте диагностика мен тиімді емдеуді жетілдіру бағытындағы күш-жігерінің нәтижесі, — деді Абай Байгенжин Астанада өткен «Breast Cancer Meeting Astana 2025» халықаралық конференциясында.
Онколог, Ұлттық ғылым академиясының академигі Диляра Қайдарованың айтуынша, өткен жылы елімізде 5,5 мыңнан астам әйелден сүт безі қатерлігі ісігі анықталған.
— Көптеген әйел аурудың алдын алудың жолдары бар ма деп сұрайды. Ең алдымен 40 пен 70 жастағы әйелдер әр екі жылда маммография дан өтуі қажет. Скринингке дейінгі жастағы әйелдер ультрадыбыстық зерттеу жасауы керек, отбасылық анамнезін білуі қажет. Егер қатерлі ісікпен ауырған жақын туысы болса, міндетті түрде тексерілуі керек. Стресс пен гормондық бұзылыстар да — сүт безі қатерлі ісігінің туындауына әсер ететін факторлардың бірі. Олар да аурудың дамуына түрткі болуы мүмкін. Сондықтан әйелдер маммологқа барып, тексеріліп, өз денсаулығына мұқият болуы керек, мүмкіндігінше күйзеліске түспеуі қажет, — дейді маман.

Сонымен бірге, бала туу және сәбиді емізу — аурудың алдын алудың тағы бір табиғи жолы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша, екі жыл бойы емізу — сүт безі қатерлі ісігінің алдын алудың тиімді әдісі саналады.
— ХХІ ғасырда сүт безі қатерлі ісігін емдеуге болады. Ол үшін ауруды ерте кезеңде анықтау маңызды. Тегін скринингтерден бөлек, елімізде сүт безі қатерлі ісігін емдеудің барлық заманауи әдісі бар. Ең алдымен хирургиялық ем, оның ішінде реконструктивті-пластикалық оталар да жасалады. Әйел операцияға дейін де, кейін де өз төсін сақтап қалады, ол үшін арнайы импланттар қойылады. Бұдан бөлек, гормондық препараттар, таргеттік терапия дәрілері, иммунотерапия секілді барлық қажетті емдеу құралы қолжетімді. Барлық емдеу хаттамалары Еуропа мен АҚШ стандарттарына толық сәйкес келеді. Сондықтан қазір сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдерді Қазақстанда-ақ тиімді емдеуге болады, бұл үшін шетелге кетудің қажеті жоқ, — деді Диляра Қайдарова.
Бүгінде Қазақстанда аурулардың 70 пайызы бастапқы және бірінші кезеңде анықталады. Соның арқасында әйелдер сүт безі обырымен өмір сүре алады және олардың өмір сапасы төмендемейді.

— Бізде «бес жылдық өмір сүру көрсеткіші» деген түсінік бар. Осы диагноз қойылғаннан кейін кемінде бес жыл өмір сүрген әйелдер саны есептеледі. Қазір Қазақстанда алғаш рет тіркелген обыр диагнозынан кейін әйелдердің 70 пайызы бес және одан да көп жыл өмір сүреді. «Қазақстан халқына» қорының көмегімен үш өңірге — Қызылорда, Алматы және Ақтөбе облыстарына мобильді маммографтар сатып алынды. Олар ауыл-аймақтарға барып, әйелдерге сол жерде тексерілуге мүмкіндік береді. Қазір басқа өңірлерге де осындай жылжымалы маммографтар сатып алу жоспарланып отыр. Ауыл әйелдері енді қалаға бармай-ақ, өз ауылында тексеруден өте алады, — деді Диляра Қайдарова.
Сонымен бірге, Астанадағы Ботаникалық бақта сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу мен ерте диагностиканың маңыздылығына назар аударатын «Pink Run» іс-шарасы өтті. Қатысушылар 1,3 және 3,9 шақырым қашықтықты таңдай алды және естелік сыйлықтар, дәрігерлермен кездесу мен ақпараттық материалдар ұсынылады.
Еске сала кетсек, елімізде 240 мыңнан астам адам онкология бойынша есепте тұр. Қатерлі ісіктің таралуынан сүт безі обыры бірінші тұр, одан әрі колоректалды обыр, өкпе, асқазан және жатыр мойны обыры келеді.
Ғалымдардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлемде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім саны 75%-ға артуы мүмкін.