Қызғылт қоқиқаз және қазақ мәдениеті: Ақмола облысында «Flamingo Fest» фестивалі өтеді

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. KAZINFORM - 5 қыркүйекте Қорғалжын өңірінде дәстүрлі әрі ірі мәдени-туристік «Flamingo Fest» фестивалі өтеді.

в
Фото: Ақмола облысының Мәдениет басқармасы

Фестивальдің басты тақырыбы – өңірдің бірегей табиғатын мәдениетпен, ұлттық өнермен және салт-дәстүрмен сабақтастыру.

в
Фото: Ақмола облысының Мәдениет басқармасы

Қорғалжын өңірі көлдері мен бай биоалуантүрлілігімен танымал. Оның басты табиғи көрікті жерлерінің бірі – өңірдің өзіндік визиттік карточкасына айналған қызғылт қоқиқаздар. Дәл осы қоқиқаз фестивальдің символы ретінде таңдалып, табиғат сұлулығы, үйлесім және қоршаған ортаға ұқыпты қарау тақырыптарын біріктіреді.

Фестиваль қонақтары өңірдің көрікті жерлерімен таныса алады. Мәдени бағдарлама аясында фольклорлық және би ұжымдарының өнер көрсетуі, дәстүрлі музыка, гала-концерт, этноауыл және ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

я
Фото: Ақмола облысының Мәдениет басқармасы

Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасы мәліметінше, жеке алаң халық шығармашылығына арналады. Қолөнер шеберлері өз туындыларын көрме-жәрмеңкеде ұсынса, суретшілер «Flamingo Art» облыстық байқауына қатысады. Суреттер мен шеберлердің қолөнер бұйымдары арқылы қонақтар өңірдің табиғаты мен мәдени ерекшеліктерін шығармашылық қырынан танып-біледі.

Фестивальдің маңызды бөлігі – экологиялық бағдарлама. Қатысушылар үшін Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының биоалуантүрлілігіне, оның мекендеушілеріне және табиғатты қорғау мәселелеріне арналған танымдық іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырылады.

қоқиқаз
Фото: Ақмола облысының Мәдениет басқармасы

Осылайша, фестиваль мәдени және экологиялық бағыттарды тоғыстырып, табиғи мұраға жауапкершілікпен қарауға назар аударады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Flamingo Fest» фестиваліне Ақмола облысының тұрғындарымен қатар, Қазақстанның басқа өңірлерінен келген туристер мен шетелдік қонақтар да қатысады.

ч
Фото: Ақмола облысының Мәдениет басқармасы

Фестивальді өткізу – табиғи көрікті жерлер мен ұлттық мәдениет, сондай-ақ заманауи демалыс форматтары үйлесім тапқан туристік бағыт ретінде Қорғалжынды танытудың тағы бір мүмкіндігі.

Биыл екінші рет өткізіліп отырған «Flamingo Fest» фестивалін Ақмола облысының танымал мәдени-туристік бренді ретінде одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар жоба туристерді тартуға, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға және Қорғалжын өңірінің табиғи мұрасын Қазақстанда және шетелде кеңінен танытуға ықпал етеді деп күтеді.