Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызыл балық, уылдырық, торт: СҚО-дағы әлеуметтік орталықтарда бірқатар заңбұзушылық анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында биыл әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау аясында 18 нысанда профилактикалық бақылау жүргізілді.

Мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау бағытында 485 тексеру өткізілді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

СҚО халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің мәліметінше, бақылау Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген. Сонымен қатар азаматтардың өтініштері мен прокуратураның талаптары негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігіне қатысты үш жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылды.

Тексеру қорытындысы бойынша заң бұзудың 33 дерегі анықталып, оларды жою туралы 17 нұсқама берілген. 

Әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды бақылау барысында анықталған негізгі кемшіліктердің бірі - қызмет алушыларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің жеке жоспарларда толық қамтылмауы.

- Кейбір қызмет алушылар үшін оңалтудың жеке бағдарламасында көзделген іс-шаралар жеке жоспарларға толық енгізілмеген. Бұл олардың қажетті әлеуметтік және оңалту қызметтерін толық көлемде алуына кері әсер етуі мүмкін, - дейді СҚО халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің басшысы Гүлбақыт Манабаева. 

Бақылау барысында медициналық-әлеуметтік мекемелерде, оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған оқу орындарында, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында, күндізгі болу бөлімшелерінде, әлеуметтік бейімдеу орталықтарында қызмет алушылардың тамақтануына да назар аударылды. Кейбір ұйымдардың күнделікті мәзірінде белгіленген тамақтану нормаларына сәйкес азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлері болмаған немесе толық көлемде ұсынылмаған.

- Мереке және демалыс күндері белгіленген тәуліктік ақшалай шығыстарды 10% ұлғайту мүмкіндігі толық пайдаланылмаған жағдайлар тіркелді. Салдарынан мәзірге қосымша қызыл балық, уылдырық (қара және қызыл), шұжықтардың дәмді сорттары, шоколадты кәмпиттер, торттар мен тәтті бәліштер енгізілмеген.

Тексеру нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Қазіргі таңда берілген нұсқамалардың орындалуы бақылауда. Берілген ұйғарымдар өз уақытында, сапалы орындалып жатыр, - дейді департамент басшысы.

Бұған дейін мүгедектігі бар азаматтардың еңбегі қалай қорғалатынын жазған едік