Қызыл кірпіштен салынған үйлер неге боялып жатыр — Қызылорда әкімдігі жауап берді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласындағы қызыл кірпіштен салынған үйлердің боялуына тұрғындар қарсы. Бұл туралы әлеуметтік желіде шағым көбейіп тұр.

Соның бірі Instagram әлеуметтік желісінің «Критика Кызылорда» парақшасында жарияланды.
— Қызыл кірпіштен салынған, онсыз да әдемі болып тұрған сол жағалаудағы 48-үйді ақ түспен сырлап жатыр. Біз, 48-үйдің тұрғындары бұған қарсымыз. «Стадионның қасындағы уйлерді осылай әртүрлі түсте бояймыз» дейді. Неге боямай тұрып рұқсат сұрамайды немесе ескерту жасамайды? — делінген жазбада.
Шағым иесін қолдап пікір қалдырғандар өте көп. Оның бірі қызыл кірпішті бояу қисынға келмейтінін, бұл бюджет қаржысын желге шашу екенін айтса, тағы бір тарап оның орнына сырты көріксіз күйге түскен өзге үйлерді сырлағанды дұрыс санайды.
Қызылорда қаласының әкімдігі тұрғындар наразылығына байланысты түсініктеме берді.
— Сәулетшілер облыс орталығындағы ғимараттардың қасбетін біркелкілендіру, сондай-ақ көшелердің сәулетін бірыңғай үлгідегі тәртіпке келтіру бағытында тиісті жұмыс атқарып жатыр. Әлеуметтік, әкімшілік, қоғамдық нысандардың бірқатары түнгі жарықпен қамтылды. Мұның барлығы қаланың сәулеттік келбетіне жаңа сән әрі әдемі түс береді. Қасбетті қайта жаңғырту барысында қолданылып жатқан материалдардың барлығы жоғары сапалы және өңірдің табиғи ерекшелігіне төтеп бере алады, — делінген әкімдіктің жауабында.
Бұған дейін қаладағы көпқабатты үйлердің қасбетін панельмен қаптау үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінгенін жазғанбыз.