«Қызыл кітапқа» енген құстарды заңсыз аулаған түркістандық азамат ұсталды

Түркістан облысының полицейлері Қызыл кітапқа енген құстарды заңсыз аулау және тасымалдау фактісінің жолын кесті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

жабайы құс
Фото: elitar.kz

«Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында «Охотзоопром» инспекторларымен бірлесіп, Шымкент-Самара тас жолында Audi 100 автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Көліктің жүксалғышын тексерген кезде полицейлер екі жараланған ителгі мен жеті қарабауыр бұлдырық құстарын тапты», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Шымкент қаласының тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді.

«Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР ҚК «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» 339-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Жабайы құстар Шымкентте орналасқан мемлекеттік хайуанаттар бағына берілді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.