«Қызыл-Жар» футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүріп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы «Қызыл-Жар СК» футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Әлеуметтік желіде «Қызыл-Жар СК» футбол клубының миллиондаған қарызы бары туралы ақпарат жарияланды. Қылмыстық істе клубтың экс-президенті Григорий Лорияның аты аталады. Прокурорлардың тексерісі кезінде бюджет қаражатының ұрланғаны анықталған.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы «Қызыл-Жар СК» футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
«Тергеу аясында қылмыстық-процестік заңнама нормаларының талаптарына сәйкес тергеу шараларының жиынтығы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеуге қатысты басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.
Осы жағдайға байланысты «ФК Қызылжар СК» ЖШС өкілдері де ресми жауап берді.
«ФК Қызылжар СК» ЖШС қазіргі уақытта СҚО прокуратурасы мен экономикалық тергеу департаменті салық міндеттемелері бойынша берешектің себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқанын растайды.
Клуб тергеу органдарына толық көмек көрсетуге дайын және қазіргі жағдайды реттеу үшін барлық қажетті шараны қолға алып жатыр.
«ФК Қызылжар СК» ЖШС басшылығы алдағы уақытта да өз қызметінде ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын қатаң ұстанатын болады», - делінген жауапта.
Бұған дейін СҚО-да орман мекемелері мемлекетке келтірілген 53 млн теңге шығынның орнын толтырғанын жазған едік.