Қызылорда-Арал жолында жылдамдықты бақылайтын бейнекамералар іске қосылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қарабұтақ–Шымкент–Қызылорда республикалық маңызы бар автомобиль жолының Қызылорда қаласы мен Арал ауданы аралығында «Zerek-2» аппараттық-бағдарламалық кешендері орнатылып, ресми түрде іске қосылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, кешен көлік құралдарының орташа қозғалыс жылдамдығын бақылауға арналған.
– Белгіленген жылдамдық режимін бұзған көлік құралдары автоматты түрде тіркеледі. Бақылау жүйелері Баймұрат батыр (Сырдария ауданы), 1800+400 шақырым, Ақжарма, 1738+850 шақырым, Ақжар, 1690+600 шақырым, 103-разъезд, 1568+171 шақырым, Әйтеке би, 1472+300 шақырым және Арал, 1351+150 шақырым учаскелерінде орналасқан. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен асырмауға және қозғалыс барысында барынша мұқият болуға шақырамыз, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін біз Қызылордада бейнебақылау камераларының көмегімен 1686 құқықбұзушылық анықталғанын жаздық.