Қызылордада кене шаққан 45 адам медициналық көмекке жүгінді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл эпидемиологиялық мерзім басталғалы Қызылорда қаласында кенеден зардап шегіп, медициналық көмекке 45 адам жүгінді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40%-ға жоғары.

Қызылорда қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Сондықтан жыл сайын эпидемиологиялық маусымда аурудың алдын алу, залалсыздандыру жұмысы күшейтіледі.
— Қала бойынша 8 елді мекен қолайсыз деп танылды. Өткен жылы олардың саны 12 болатын. Көктемгі эпидмаусымда 407 гектар аумақ залалсыздандырылады, — деді ұлттық сараптама орталығы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Фарида Ыдырысқызы.
Дезинфекция жұмысының алғашқы кезеңі 9-21 сәуір аралығында, екінші кезеңі 18-30 сәуір аралығында жүргізіледі.
— Өткен жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 6 жағдайы тіркелді. Оның 3-і клиникалық және зертханалық тұрғыда расталды, — деді Қызылорда қалалық санитариялық — эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейбіт Бидаш.
2024 жылы облыс бойынша 115 елді мекен қолайсыз деп танылса, биыл олардың саны 111-ге азайды. Биыл 9 сәуірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысы басталады.