Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығы салынып жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 

Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығы бой көтеріп келеді
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес Сыр елінде ірі жоба жүзеге асып жатыр. Бүгінде Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқын алды. 

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде баяндады.

«Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Аймақтағы электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешу үшін Қызылорда қаласында 215 млрд.теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Инвестор — „Акса Энерджи“ түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 млрд.теңге инвестиция салды. Орталық келер жылдың қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Жаңа жылу-электр станциясы –тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына бой көтерген ең ауқымды, теңдессіз жоба. Құрылыс барысы Президентіміз бен Үкіметтің тікелей бақылауында», — деді Н.Нәлібаев.