Қызылорда облысы экономикалық қылмыстардан 2,8 млрд теңге шығынға батты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Өткен жылы Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде 61 іс болды. Оның 48-і өндіріспен аяқталды, 37-сі сотқа жолданып, 11 іс ақталмайтын негізде тоқтатылды.

деньги, тенге, ақша
Фото: Александр Павский / Kazinform

Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекет одан 2 млрд 817 млн теңге зиян шеккен. Залал сомасының 1 млрд 849 млн теңгесі немесе 39,6%-ы өндірілді, құны 733 млн теңге мүлікке тыйым салынды.

— Республикада бірінші рет жалпы салмағы 75,5 тонна, кедендік құны 254 млн теңге балық өнімін Еуропалық одақ елдеріне (Германия, Венгрия) контрабандалық жолмен экспорттау фактісі бойынша айыптау үкімі шығарылды. Үкім «СПК Қызылорда Балық» ЖШС құрылтайшысы мен директорына қатысты қабылданды. Заңсыз крипто айырбастау және қылмыстық кірісті заңдастыруға тосқауыл қойылды. Заңсыз крипто айырбастау қызметін ұйымдастыру, цифрлық актив айналымы, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктілерге халықаралық қаржы орталығында цифрлық актив саласында қаржылық қызмет көрсетуге лицензиясы болмағанына қарамастан «Binance» криптобиржа платформасы арқылы цифрлық активті сатып алды және осы қызметпен айналысты деген айып тағылды. Криптоактив айналымының көлемі — 1,88 млрд теңге. Фигуранттардың бірі көп деңгейлі банк аударымы арқылы есірткінің заңсыз айналымынан түскен ақшалай қаражатты заңдастырған. Қылмыстық жолмен алынған кіріс ретінде 5 автокөлік, 1 тұрғын үй, 1 пәтер мен отбасылық мейрамханаға — жалпы сомасы 329,7 млн теңге мүлікке тыйым салынды, — делінген хабарламада.

Былтыр 6 қаржылық пирамиданың жолы кесілді, оның ішінде 5 қылмыстық істің өндірісі аяқталды. Тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру фактілері анықталып, құны 301 млн теңге мүлікті (Астана қаласындағы сол жағалауда, «EXPO» ғимараты маңында орналасқан 7 пәтер және 1 автокөлік) тәркілеу туралы сот үкімі заңды күшіне енді.

— Профилактикалық жұмыс нәтижесінде «Кибербақылау» жүйесі арқылы 4 мыңнан астам сілтеме бұғатталды. Жарнамасы мықты, ұсынысы көз қызықтырып, адамдарды жолдан тайдыратын саланың бірі — заңсыз құмар ойындар. Өткен жылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 5 дерегі анықталып, істер сотқа жолданды. 1 дерек бойынша қылмыстық жолмен алынған кірістің заңдастырылғаны анықталды, — делінген департамент хабарламасында.

Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті заңсыз инвестициялық қызмет саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум