Қызылорда облысы құрылыс жұмыстары көрсеткішінен алдыңғы қатарда келеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында биылғы 9 айда құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші 173 млрд 830 млн теңгеге жетті. Ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 143,6 пайызға өсті. Соңғы 2 жылда Қызылорда облысы аталған көрсеткіште елімізде алдыңғы қатарда келеді.

Құрылыс
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің Қызылордадағы брифингінде атап өтті.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мемлекет қолдауымен қаржыландырудың барлық көзінен 864 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39,1 млрд теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Қазір Ұлттық жоба аясында 1 мың 154 пәтерлік 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1 мың 819 пәтер, апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінде аталған топтарға 780 пәтер сатып алынды. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді», — деді Н.Нәлібаев.

Тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Ол 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, 2023 жылы 741 мың шаршы метрге жетті. Биыл жыл соңына дейін 864 мың шаршы метрге ұлғайту жоспарланған.

Құрылыс саласында биыл 189 жобаны жүзеге асыруға 134,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 36 білім беру, 22 денсаулық сақтау, 13 мәдениет, 14 спорт, 1 қоғамдық тәртіп, 1 жұмылдыру дайындығы, 3 мемлекеттік орган ғимараты, 1 154 пәтерлік 21 тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 85 жоба бар.

Жыл басынан бері Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Қан орталығы», «Үстел теннис орталығы», «Оқушылар сарайы» және сол жағалаудағы 900 орындық жайлы мектеп пайдалануға берілді. 

Жаңа стадион, «Инновациялық- шығармашылық орталық», музыкалық колледж ғимараты құрылысы басталды. Ендігі кезекте барлық ауданда типтік үлгідегі «Руханият орталықтары» салынуда. Бұл орын музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіреді.

Сондай-ақ 9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында, Арал ауданының Сексеуіл кентінде аурухана, Жаңақорған кентінде «Оқушылар үйі» және 3 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Биыл демеушілер есебінен 17 нысанның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді.