Қызылорда облысы Жалағаш ауданының әкімі тағайындалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Президент әкімшілігі және Жалағаш аудандық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Ерлан Төралиев тағайындалды.

Ерлан Төралиев
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ерлан Кәрімбекұлы 1977 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін өнеркәсіп және азаматтық құрылыс, экономика және менеджмент мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын «Фармация» акционерлік қоғамында менеджер болып бастап, кейін мемлекеттік органдар мен жеке секторда түрлі жауапты қызметтер атқарған.

2004-2013 жылдары облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы және облыс әкімінің кеңесшісі болды.

2013-2020 жылдары жеке құрылыс компаниясының директоры, «Мемсараптама» РМК бас директорының бірінші орынбасары, сондай-ақ «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті.

2022 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Ал жуырда Президент Әкімшілігінің келісімімен және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен Текелі қаласының әкімі болып 44 жастағы Айдос Бекетаев тағайындалды.