Қызылорда облысында 200-ге жуық заңсыз қоқыс орны анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында аумақтарды абаттандыру қағидаларының сақталуы полицияның қатаң бақылауында. 

қоқыс
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қатты тұрмыстық қалдықты шығару бойынша келісімшарты жоқ заңды тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар атқарылып жатыр.

— Жыл басынан бері қабылданған шаралардың нәтижесінде 192 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 163-і жойылды. Оның ішінде Деркөл кенті аумағындағы стихиялық қоқыс орны толық тазартылды. Қоғамдық тәртіп пен тазалық сақтау мәселесі де назарда. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғалы бері 67 мобильді топ құрылып, күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізіліп келеді. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 26 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, — делінген хабарламада.

Оның ішінде белгіленбеген орындарға қоқыс тастау бойынша 2 мыңнан астам, қоғамдық орындарды ластау бойынша 11 мыңнан астам, абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша 13 мың дерек тіркелді. Жергілікті тәртіп сақшылары өңірде тазалық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра бермек.

Бұған дейін біз елорданың барлық аудандарында тазалық сақтау бағытында аймақтарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқанын жазғанбыз.