Қызылорда облысында 2,3 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдалану фактілері анықталды

АСТАНА. KAZINFORM –  Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес мәселелері бойынша аппарат отырысын өткізді. Қызылорда облысында алты шаруа қожалығының суды заңсыз пайдаланғаны анықталды. 

Қызылорда облысында 2,3 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдалану фактілері анықталды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Биыл вегетациялық кезең басталғалы бері өңірде рұқсатсыз алынған судың көлемі 2,3 млн текше метрден асқан. Бұл судың барлығы күріш алқаптарын суаруға пайдаланылған.

Өткен аптадағы аппарат отырысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандарынан төрт жұмыс тобы құрылған болатын. Бұл топтар Қазақстанның оңтүстік облыстарында суды заңсыз пайдалану фактілерін тексеріп қана қоймай, су үнемдеу, реттеу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу мәселелері бойынша мониторинг жүргізіп жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Шардара ауданы прокуратурасымен бірлесіп, Түркістан облысында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтаған болатын.

— Су үнемдеу мен суармалы суды дұрыс үлестіруді қамтамасыз ету мақсатында биыл «Қазсушар» кәсіпорнымен тиісті келісімшартқа отырған шаруа қожалықтарына ғана су беріледі. Жергілікті жерлерде тексеру міндетті түрде жалғасады және суды заңсыз пайдалану фактілерінің бәрі анықталып, заң бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Жаңа жылдан бастап шаруалармен су беру туралы келісімшарттар тек электронды форматта жасалуы тиіс. Барлық келісімшартты онлайн жүйе арқылы тексеріп, келісілген көлемдегі судың беріліп жатқанын және көрсетілген дақылдардың расымен өсіріліп жатқанын бақылап отыру үшін осы мәселені пысықтау қажет, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов. 

Айта кетелік Су ресурстары министрлігі 1,3 млн адамды ауыз сумен қамту үшін 2500 шақырым су құбырын салып жатыр

Соңғы жаңалықтар