Қызылорда облысында 24 пәтер ұрлығына қатысы бар үш адам ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында 24 пәтер ұрлығына қатысы бар үш адам қолға түсті.

Қызылордалық жедел уәкілдер пәтер ұрлығымен айналысқан адамдар тобын Шиелі ауданында қылмыс үстінде ұстады. Ұсталған үш күдіктінің бірі Абай облысының тұрғыны болса, екіншісі Ақмола облысынан келген.
«Күдіктілер үй иелерінің жоқтығын пайдаланған. Пластик терезелерді күшпен ашу арқылы үй ішіне заңсыз кіріп, ақша, құндыз тон, техника мен алтын бұйымдарды ұрлаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жәбірленушілерге тиесілі алтын бұйымдар мен өзге де айғақ заттар заттай дәлелдеме ретінде алынды. Келтірілген материалдық шығын – 14 млн теңге. Күдіктілер қамауға алынды. Олардың облыс аумағында 24 пәтер ұрлығын жасағаны анықталды. Өзге де ұқсас фактілерге қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тергеу жалғасуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада полиция киімімен заңсыз бейнеролик түсірген адам жазаға тартылды.