Қызылорда облысында 400-ден астам тұрғын дәрігерлерден кеңес алды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – «Біліміміз – Елімізге» әлеуметтік жобасы аясында Шиелі ауданында 400-ден астам тұрғын дәрігерлерден тегін кеңес алды.

в
Фото: Kazinform

- Жобаның негізгі іс-шаралары Шиелі ауданында өтті. Астана мен Алматы қалаларынан келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері жергілікті тұрғындарға медициналық кеңес беріп, аудан жастарына кәсіби бағдар бойынша кездесулер өткізді. Медициналық қабылдауға балалар кардиохирургиясы, интервенциялық кардиология, акушерия және гинекология, урология, оториноларингология, эндокринология, инфекциялық аурулар және психология салаларының мамандары қатысты, - деді Bolashaq medicine club жетекшісі Даулет Жақыпбаев.

Бір күнде дәрігерлер 400-ден астам пациентті қабылдады. Кеңес беру қорытындысы бойынша 40-қа жуық тұрғынға қосымша тексеруден өту және республикалық медициналық орталықтарда күрделі ем алу ұсынылды.

Жоба аясында аудан оқушылары мен колледж студенттеріне арналған менторлық кездесулер де ұйымдастырылды. Қатысушылар мамандық таңдау, шетелде білім алу мүмкіндіктері, ағылшын тілін меңгерудің маңызы, кәсіби даму және жеке мотивация тақырыптарын талқылады. Кездесулерге 600-ден астам оқушы мен студент қатысты.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетовпен өткен кездесуде жобаның қорытындысы шығарылды. Жиында Шиелі ауданында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, «Болашақ» түлектер қауымдастығының қызметі мен негізгі жобалары таныстырылды. Тараптар денсаулық сақтау, білім беру және жастармен жұмыс істеу бағыттарындағы ынтымақтастықты жалғастыру, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің кәсіби әлеуетін өңірлердегі әлеуметтік бастамаларға тарту мәселелерін талқылады.

Жобаны «Болашақ» қауымдастығы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырды.

«Біліміміз – Елімізге» жобасы 10 жылдан астам уақыттан бері іске асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің білімі мен халықаралық тәжірибесін ел игілігіне бағыттау.

Жобаның медициналық бағыты төрт жылдан бері жүзеге асып келеді. Бастаманың негізін қалаған дәрігер-аритмолог, «Болашақ» түлегі Ғани Төлепбергенов биыл өмірден өтті.

Қауымдастық мүшелері мен әріптестері сапарды Ғани Төлепбергеновтің рухына арнады. Оның медицина саласындағы еңбегі мен кәсіби мұрасын ұлықтау мақсатында жобаның медициналық бағытына дәрігердің есімін беру туралы шешім қабылданды.