Қызылорда облысында 8 айда 62 адам жол апатынан көз жұмды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Қызылорда облысының жолдарында 811 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 15,6%-ға төмен. Жолдағы қайғылы жағдайлардың кесірінен 1002 адам жарақат алса, 62 адам көз жұмған.
- Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында 17 жедел профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Профилактикалық жұмыстың нәтижесінде жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 248 мыңнан астам дерегі анықталды. Оның ішінде көлік құралын масаң күйде басқарудың 589, қарсы бағытқа шығудың 264 дерегі тіркелді. 6973 жағдайда жаяу жүргіншілер жол қозғалысы қағидаларын бұзса, 90 мыңнан астам жағдайда жүргізушілер жылдамдықты шектен асырған. 12 мыңнан астам адам көлік тізгінінде келе жатып ұялы телефон пайдаланса, 35 мыңнан астам жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған. 4575 дерек бойынша көлік жүргізушілері жаяу жүргіншіге жол бермеген, - деді департаменттің әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұратбек Манатов.
Бүгінде облыс жолдарында жол ережесін елемегендерді автоматты түрде анықтайтын 218 заманауи құрылғы жұмыс істеп тұр. Былтыр олардың саны 124 болатын.
Еске салайық, Қызылорда облыстық полиция департаменті жедел басқару орталығының қызметкерлері жуырда түнгі уақытта жол ережесін өрескел бұзып, қала аумағында автокөлік кортежін ұйымдастырған жүргізушілерді анықтады.