Қызылорда облысында әкім сайлауында 6 үміткер бақ сынайды
Қызылорда облысында Шиелі және Сырдария аудандарында әкім сайлауында 6 үміткер бақ сынайды, деп хабарлайды Kazinform.

Облыс бойынша 2 ауданда 7 үміткер ұсыным құжатын тапсырған еді.
Ұсынылған құжаттардың талапқа сәйкестігі тексерілді. Нәтижесінде 6 кандидат тіркеліп, 1 азаматтың өз өтініші негізінде кандидаттығы алынып тасталды.
«Жергілікті уақыт 18.00-ден кейін үгіт кезеңі басталды. Кандидаттар телеарна, радио, мерзімді баспасөз басылымы арқылы үгіт жүргізе алады. Бір ерекшелігі, кандидаттардың өз сайлау қоры болмайды. Олар үшін арнайы шығыс мөлшері бекітіліп, ол әр кандидатқа 420 мың теңге белгіленді. Ол БАҚ-қа шығу, үгіт материалдарын шығару және көліктік шығыстарға бағытталған», - деді облыстық сайлау комиссиясынан.
Үміткерлер үшін сайлаушылармен кездесулер орны мен үгіт материалын орналастыратын орындар белгіленді.
Үгіт кезеңі 4 қарашаға дейін жалғасады.