Қызылорда облысында балабақша есепшісі 21,5 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

АСТАНА. KAZINFORM - Қызылорда облысының Қазалы ауданында балабақша есепшісі өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 21,5 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

офис сотрудник ноутбук работа қызметкер жұмыс
Фото: Kazinform

Жүргізген талдау нәтижесінде балабақша есепшісінің 4 жыл ішінде штаттық кесте бойынша бекітілген жалақыдан жоғары мөлшерде өзінің банктік шоттарына қосымша қаражатты негізсіз аударғаны анықталды.

Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен көзделген, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Қылмыстық іс тергеп-тексеру үшін Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Осыған дейін Ақтөбеде мәдениет үйінің экс-есепшісі мен маманына 29 млн теңге жымқырды деген айып тағылғаны туралы жаздық.