Қызылорда облысында биыл 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында 16 медициналық нысан пайдалануға берілсе, енді 11-і жыл соңына дейін ел илігіне табысталады.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша өңірде 11 млрд теңгеге 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы 15 дәрігерлік амбулатория мен 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін халық игілігіне табысталады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің Қызылорда қаласында өткен көшпелі брифингінде баяндады.
«Соңғы 2 жылда 4,1 млрд теңгеге 13 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау мекемелерінің автопарктері жыл сайын жаңартылады. Өткен жылы 25, биыл 200 санитарлық автокөлік табыстадық. Осы кезге дейін жеке ғимараты болмаған облыстық Қан орталығының жаңа ғимаратын қолданысқа бердік. Алдағы уақытта Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған заманауи перинаталдық орталық құрылысы басталады», – деді Н. Нәлібаев.
Айта кетсек, облыста былтырдан бері 1 мың 720 орындық 6 мектеп ашылса, 4 мектепке 1 мың 850 орындық қосымша ғимарат салынды. «Жайлы мектеп» жобасымен 900 орындық мектеп ашылды.