Қызылорда облысында білім саласы қызметкерлерінің жеке деректері заңсыз жарияланған

АСТАНА. KAZINFORM - Шиелі аудандық прокуратурасымен жүргізілген қадағалау барысында білім беру ұйымдарында қызметкерлердің дербес деректерін заңсыз жариялау фактілері анықталды.

мұғалім, вотсап, ата-ана
Фото: Kazinform/ЖИ

Қызылорда облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекеттік сатып алу порталында медициналық тексеру қызметтерін сатып алуға қатысты құжаттарда бірқатар білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты дербес мәліметтер ашық орналастырылған.

Аталған заң бұзушылықтар 7 білім беру ұйымында анықталып, нәтижесінде 529 қызметкердің еңбек құқықтарына нұқсан келтірілген.

Прокуратураның қадағалау актісі негізінде дербес деректерді қамтитын мәліметтерді мемлекеттік сатып алу порталынан жою бойынша тиісті шаралар қабылданды.

-Сонымен қатар, дербес деректерді заңсыз жариялаған білім беру ұйымдарының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – прокуратура органдарының басты бағыттарының бірі. Заң талаптарының сақталуы прокуратураның тұрақты бақылауында,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстандық мұғалімдер мен оқушылардың деректері интернетке тарап кеткені туралы жаздық.