Қызылорда облысында екі аудандағы әкім сайлауына байланысты барлық учаске ашылды
Қызылорда облысында екі ауданда әкім сайлауына байланысты 20 қазаннан бастап барлық учаске ашылды. Олар сайлаушылар тізімін жасауға қатысты жұмысын бастады, деп хабарлайды Kazinform.

Сырдария және Шиелі аудандарында 5 қараша күні әкім сайлауы өтеді. Бұл күні Сырдарияда – 18, Шиеліде 40 сайлау учаскесі қызмет атқарып, барлығы 388 комиссия мүшесі маңызды науқанды өткізуге атсалысады.
«Сайлау өтетін учаскелердің барлығы талапқа сай жабдықталған. Комиссия мүшелері сайлаушылардан дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігіне өтініштер қабылдайды. Саяси іс-шара өтетін күні дауыс беруші азаматтарға қолайлы жағдай жасалады. Ал мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы қолжетімділік болады. Бүгінгі күні Шиелі ауданында – 560, Сырдарияда 299 дауыс беруге құқылы мүгедекті бар азамат тіркелген. Барлық сайлау үйі бірінші қабатта орналасқан және ақпараттық портал inva.gov.kz-те қолжетімділік картасына енгізілген. Мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы кабиналар жасақталады. Есту, көру қабілеті төмен азаматтарға құлаққаптар мен үлкейткіш құралдар алынады. Бюллетенді дұрыс толтыру жолдары көрсетілген арнайы трафареттер, көру қабілеті төмен азаматтар үшін аудио форматтағы материал да қолжетімді болады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық сайлау комиссиясынан.
Айта кетсек, Сырдария ауданында 22 101, Шиелі ауданында 50 402 сайлаушы тіркелген.