Қызылорда облысында экономикалық қылмыс азайды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жыл басынан бергі жұмыс нәтижесін жариялады.
Осы кезге дейін департаменттің өндірісінде 29 қылмыстық іс болған.
— Тіркелген қылмыстық істер саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Ал аяқталған 14 істің 13-і сотқа жолданып, мемлекет пен азаматтарға келтірілген залалдың басым бөлігі өндірілді. Қылмыстық процестерді цифрландыру жұмысы жалғасып жатыр. Осы орайда жыл басынан бері істердің негізгі бөлігі электронды форматта жүргізілген, — деді департамент басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев.
Ведомство қызметі тек заң бұзу деректерін анықтаумен шектелмейді. Сонымен қатар экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыс атқарып келеді.
— Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған 22 профилактикалық іс-шара өткіздік. Оған 3 мыңнан астам тұрғын тартылды. Мектеп оқушылары мен студенттер дропперлік, қаржы пирамидалары, лудомания, кибербуллинг, ақпараттық гигиена және жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану туралы жан-жақты ақпарат алды, — деді Руслан Сатыбалдиев.
Ал өткен жылы департамент өндірісінде 61 іс болды.