Қызылордада инвестор құқығын шектеген кент әкімі жауапқа тартылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Шиелі ауданының прокуратурасы инвестордың өтінішін қарау мерзімін негізсіз созу, оның құқығын шектеу және тиісті шешім қабылдаудан бас тарту фактісін анықтады.
Атап айтқанда, «VIGOR Holding» ЖШС-не жұмыс жобасында көзделген инженерлік дәліз шегінде Шиелі кентінің аумағында орналасқан жер учаскелеріне жария сервитут белгілеу қажеттілігі туындаған.
- Осыған байланысты инвестор Шиелі кентінің әкімдігіне тиісті аумаққа жария сервитут белгілеу туралы қаулы қабылдау жөнінде өтінішпен жүгінген. Алайда кент әкімі өтінішті қанағаттандырудан негізсіз бас тартқан. Прокуратураның араласуы нәтижесінде инвесторға жария сервитут белгілеу туралы тиісті қаулының қабылдануына ықпал ету арқылы көмек көрсетілді. Сонымен қатар кент әкімі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды, - деп мәлімдеді облыстық прокуратура.
Еске салайық, жуырда Қызылордада инвесторға заңсыз шара қолданған басқарма басшысына айыппұл салынды.