Қызылорда облысында қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Шиелі ауданы аумағындағы Қаратау беткейінде 1 ақпанда ауа райының қолайсыздығы байқалды. Құтқарушылар Сауысқандық асуында қалып қойған 12 жүк және 2 жеңіл көлігіндегі 14 жолаушыны құтқарды.

Қызылорда облысы Төт енше жағдайлар департаментіне 1 ақпанда сағат 00.00 шамасында хабарлама келіп түсті. Онда Шиелі ауданындағы Қаратау беткейінде орналасқан «Шиелі-Тайқоңыр» тас жолында ауа райының қолайсыздығына байланысты адамдар қалып қойғандығы айтылған.
«Оқиға орнына Шиелі ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұрперзент Мұсахан, №13 өрт сөндіру бөлімінен барлығы 8 қызметкер жолға шықты. Сауысқандық асуы Шиелі кентінен шамамен 70 шақырым жерде жатыр. Құтқарушылар жергілікті маңыздағы «Шиелі-Тайқоңыр» тас жолының 30-60 шақырымы аралығындағы Сауысқандық асуында 12 техникадағы 14 жолаушының қалып қойғанын анықтады. Барлығы ересек адамдар», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Ауа райының қолайсыздығы, қардың қалың болуына байланысты жолда тұрып қалған.
Сондай-ақ, Сауысқандық асуына барар жолда қар құрсауында қалған «ГАЗель» маркалы автокөлікті құтқару мақсатында қарды ашу жұмысын жүргізілді.
«Жолаушылар «Шиелі-Тайқоңыр» автожолында орналасқан жылыту пунктіне орналастырылды. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп төнген жоқ. Эвакуацияланған азаматтар азаматтық қорғау органдарының мамандарына алғыс білдірді», - деп толықтырды департаменттен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында «Самара-Шымкент» тасжолы жабылды.
Видео - Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті