Қызылорда облысында көшіп келгендерден кеткендер саны екі есе көп

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық статистика департаментінің 1 қазандағы мәліметінше, өңір тұрғындарының саны 845,9 мың адамға жетті. Оның 53%-ы ауылда, 47%-ы қалада тұрады. 

халық саны
Фото: Kazinform

Аймақта кейінгі 5 жылда халық саны 42,6 мыңға өскен.

— Халықтың көші-қоны әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық және сыртқы факторларға сәйкес өзгеріп тұрады. Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде белгілі болғаны, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында облысымызға тұрғылықты тұруға келген 10102 адам тіркелген. Ал аймақтан кеткендердің саны — 19505 адам. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда облысқа келгендер саны 20,6%-ға көбейген, — деді департамент басшысының орынбасары Әсел Досжанова. 

Өткен 9 айда облыста 12599 сәби дүниеге келген. Оның 6483-і — ұл, 6116-сы — қыз.

— Өңірдің туу көрсеткіші және табиғи өсімі тұрақты. Облыстар арасында 1000 тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші бойынша Қызылорда тұрақты төртінші орында, — деді Әсел Досжанова. 

Еске салсақ, Статбюро берген ақпаратқа сәйкес, 2025 жылғы 1 қазанда Қазақстан халқының саны 20 445 231 адамға жеткен. 

Соңғы жаңалықтар