Қызылорда облысында МӘМС қорынан заңсыз төленген 73 млн теңге мемлекетке қайтарылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының прокуратурасы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалында қор қаражатының игерілу заңдылығына талдау жүргізді.

МӘМС пен Шипагер
Коллаж: Kazinform/Freepik

Талдау барысында мемлекеттік медициналық ұйымдардың жеке медициналық ұйымдарға, яғни бірлесіп орындаушыларға шартта белгіленген сомадан артық төлем жасағаны анықталды.

- «Жаңақорған орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК ЖШС-ке 2023 жылы 33,1 млн теңге, 2024 жылы 6,6 млн теңге, ал «Арал орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК 2023 жылы 13,8 млн теңге, 2024 жылы 18,6 млн теңге артық қаражат аударған. Осылайша бірлесіп орындаушыға жалпы 73 млн теңге негізсіз төлем жасалған, - делінген хабарламада.

Прокуратураның ұсынысы негізінде заңбұзушылықтар жойылып, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімдерімен 73 млн теңге толық көлемде өндірілді. 

Еске салайық, жуырда Ақмола облысында «Авиценна-Бурабай» ЖШС-нің медицина қызметкерлері жалақының кешіктірілуіне, еңбек демалысы және сауықтыру төлемдерінің берілмеуіне, сондай-ақ зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарналарына қатысты мәселелерге шағымданды.