Қызылорда облысында шомылуға рұқсат етілген орындар белгілі болды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Өткен жылы Қызылорда облысының су айдындарында 26 адам көз жұмды, оның 11-і – балалар. Төтенше жағдай ретінде 5 оқиға тіркелді.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері 4 адам суға кетіп қайтыс болса, оның 1-еуі — бала. 2 оқиға төтенше жағдай ретінде есепке алынды.
- Судағы қайғылы жағдайлар негізінен қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғаннан болады. Оның бір себебі — өзен, каналдардың кез келген әрі зерттелмеген, яғни ағысы жылдам, терең, жағасы тік жар жеріне суға түсу. Осы орайда Қызылорда облысында 9 жағажай белгіленгенін қаперге саламыз. Олар — Арал ауданында Аққұмшық, Қармақшы ауданында Мұратбаев, Сырдария ауданында Қалғандария, Шиелі ауданында Бәйгеқұм, Қызылорда қаласында Сыр толқыны, Эдельвейс және Сыр самалы, Жаңақорған ауданында Борықтай, Жалағаш ауданында Асар жағажайлары. Биыл соның тек 7-еуі жұмыс істейді. Облыс орталығындағы Сыр самалы жеке жағажайы биыл жұмыс істемейді. Ал Жаңақорғандағы Борықты жағажайы қаулыда бекітілгенімен әлі ашылған жоқ, - делінген департаменттің хабарламасында.
Суға шомылуға тыйым салынған қауіпті су айдындарындағы 63 аймаққа 398 ескерту тақтайшасы орнатылды. Қауіпті аймақтарда орнатуға оңай (трафарет) және өзіндік құны төмен тыйым салу белгілерінің инновациялық түрі қолданылып жатыр. Жоғарыда аталған 63 аймаққа 20 мобильді пост орнатылды.
Бұрын хабарлағанымыздай, Шымкентте шомылуға тыйым салынған 13 учаске анықталды.