Қызылорда облысында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды



ҚЫЗЫЛОРДА.KAZINFORM - Бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы Шалқия кентінде «Liaoning Hongda Group» компаниясы «Бурабай-Жалғызағаш» тау-кен байыту комбинатының құрылысы ресми түрде басталды.

Қызылорда облысында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

 Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Liaoning Hongda Group» компаниясының бас директоры Тан Цзюган қатысты.

Рәсімде аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, жаңа өндіріс орны өңір экономикасына тың серпін беретінін атап өтті.

Қызылорда облысында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

-Комбинат құрылысының басталуы – Сыр өңірі үшін тарихи оқиға. Бұл – облысымыздың индустриялық дамуына жаңа серпін, экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жоба.

Осындай ауқымды әрі заманауи жобаны аймағымызда жүзеге асырған «Liaoning Hongda Group» компаниясына зор ризашылығымды білдіремін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізді жаңа инвестициялық циклге көшіру, заманауи өндірістерді іске қосу және өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырған болатын.

Бүгінгі тау-кен байыту комбинаты – осы ауқымды жұмыстардың аса маңызды бөлігі. Құрылысына 138 млрд теңге қаралған жоба толық іске қосылғанда жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізатын және 20 тонна күміс өндіру жоспарланып отыр. Ең бастысы, 550-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Бүгін басталып жатқан құрылыс сәтті аяқталып, мерзімінде іске қосылып, ел игілігіне қызмет ететініне сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Қызылорда облысында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды
Фото: Қызлорда облысының әкімдігі

Шарада компания директоры Тан Цзючан, ел ағасы Изадилла Нәрзілдаев сөз сөйледі.

Тау-кен байыту комбинатын алдағы екі жыл ішінде салып, 2028 жылы толық аяқтау жоспарланған.

Қазіргі уақытта кен орнының минералдық-шикізат базасын кеңейту мақсатында бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ өндірістік жолдар салу да қолға алынып, құрылыс алаңдары анықталды. Бұдан бөлек, электр желілеріне қосылуға жоба-сметалық құжаттама әзірленді. 

Қазіргі уақытта нысанды электр қуатымен қамтамасыз ету және электр желілеріне қосу межеленген.

Қызылорда облысында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі