Қызылорда облысында тұмауға қарсы 85 мыңнан астам екпе сатып алынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында 2026-2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға дайындық аясында тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталды. Ол үшін жергілікті бюджет есебінен 85 007 доза вакцина сатып алынды.

Мая Миранбайқызы
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Екпе, ең алдымен, медициналық бақылаудағы, жасы алты айдан асқан жиі ауыратын, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдерге, сондай-ақ жүрек-қан тамыры және тыныс алу мүшелерінің созылмалы ауруы бар тұрғындарға салынады.

- Қауіп тобындағы азаматтардың қатарында диспансерлік есепте тұрған 45 030 ересек пен 22 901 бала бар. Бұдан бөлек, 9 428 медицина қызметкері, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі 3 907 әйел, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 351 бала, 219 әскери қызметші және қарттар мен мүгедектер үйлерінің 171 тұрғыны қамтылады. Сатып алынған вакцина көлемі тіркелген қауіп тобындағы азаматтарды 100% қамтуға жеткілікті. Тұмауға қарсы екпе жүргізетін 169 кабинет ұйымдастырылған. Оның 116-сы емханаларда орналасқан, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Миранбайқызы.

Осы орайда медицина қызметкерлері арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Бүгінде 350 дәрігер мен 1 794 орта медицина қызметкері оқыды. Эпидемиялық маусымға дайындық ретінде дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың қажет қоры жасақталды.

- Облыс бойынша науқастарды қабылдауға арналған 425 төсек-орын әзір. Оның 200-і облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, 225-і аудандық ауруханаларға тиесілі. Вирусқа қарсы препараттар мен қажет құралдардың резерві алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында кемінде 10 науқасқа, стационарларда кемінде 35 науқасқа есептелген, - деді департамент өкілі.

Еске салайық, Астанада 2026–2027 жылдардағы тұмау маусымына дайындық жүріп жатыр. Биыл қалаға тұмауға қарсы «Гриппол Плюс» вакцинасының 169 005 дозасы сатып алынды.