Қызылорда облысында үш күнде жолаушы тасымалдайтын 55 көлік айып тұрағына қойылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында үш күнге созылған «Тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.
Іс-шараның мақсаты - жолаушы тасымалдайтын жүргізушілер арасында тәртіпті арттыру, сондай-ақ қызметін тіркеусіз жүзеге асыратын азаматтарға қатысты бақылауды күшейту.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мобильді топтар 128 бағытта қызмет атқарды.
- Осы үш күнде жолаушы тасымалдаушыларға қатысты 1082 әкімшілік хаттама рәсімделді. Оның ішінде қоғамдық көлікте алкогольді ішімдік ішу немесе масаң күйде келудің 52, қоғамдық орында такси қызметі бойынша мазалап тиісудің 169, жолаушы тасымалдау қағидаларын бұзудың 128 дерегі тіркелді. 5 адам көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан руль тізгіндесе, 109 адам рульде келе жатып телефон пайдаланған. 6 жүргіші мас күйінде көлік жүргізген, - делінген хабарламада.
Жолаушы тасымалдаған 55 автокөлік айып тұрақтарына жеткізілсе, 133 көліктің қозғалысын шектеу мақсатында мемлекеттік белгілері алынды.
Бұған дейін еліміздің аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.