Қызылорда облысында үшемнің анасы аудан әкімі сайлауында таңдау жасады
Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы №167 сайлау учаскесінде үшемнің анасы Әйгерім Баймұрзаева аудан әкімі сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform.

Қызылорда облысында Шиелі және Сырдария аудандарында әкім сайлауы өтіп жатыр. Ел үшін елеулі күнде өз таңдауын жасауға келген тұрғындар қатарында үшемнің анасы Әйгерім Баймұрзаева балаларымен бірге дауыс берді.
Ол Сырдария аудандық №167 сайлау учаскесіне тіркелген.
«Балаларымның жарқын болашағы үшін дауыс бердім. Елім дейтін, туған елін қадірлейтін ұрпақ тәрбиелеу - баршамыздың міндетіміз. Саяси маңызды шараны балаларым да сезініп өссін деген ниетпен ұлдарымды алып келдім», - дейді үшемнің анасы.
Айта кетейік, Сырдарияда 22 101, Шиеліде 50 402 сайлаушы тіркелген.
Екі ауданда 70 мыңнан астам адам таңдау жасай алады. Бұл мақсатта Сырдарияда – 18, Шиеліде 40 учаскелік комиссияның 388 мүшесі жұмыс атқарады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында 102 жастағы майдангер аудан әкімі сайлауында таңдау жасады.