Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылорда облысында жалақы қарызы 691 млн теңгеден асты

АСТАНА. KAZIFORM — Қызылорда облысында 36 мыңнан астам азаматтың еңбек құқығы қорғалды.

Германияда әлеуметтік жарналар 2035 жылға қарай жалақының жартысына жетуі мүмкін
Фото: BILD

Қызылорда облысында прокуратураның араласуымен мыңдаған азаматтың еңбек құқықтары қалпына келтіріліп, жүздеген миллион теңге көлеміндегі жалақы қарызы өтелді.

Мәселен, «Қызылорда тазалығы» ЖШС-де 606 қызметкерге мамыр айының жалақысы уақытында төленбеген. Прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде жұмысшыларға жалпы 106,3 млн теңге жалақы берілді.

Шиелі ауданында да жалақыға қатысты мәселе анықталған. Аудандық білім бөліміне қарасты 18 мемлекеттік және 65 жекеменшік балабақшаның 1365 қызметкеріне 2026 жылғы шілде айының жалақысы төленбеген. Прокуратураның араласуынан кейін 261 млн теңге көлеміндегі берешек өтелді.

Қармақшы ауданында 553 балабақша қызметкеріне 25,4 млн теңге жалақы қарызы төленді.

Сонымен қатар Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының ұжымдық шарттары заң талаптарына сәйкестендірілді. Нәтижесінде кіші буын қызметкерлерінің жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша 12 күн қосылып, 220 адамның құқығы қалпына келтірілді.

— Жалпы, жыл басынан бері облыс прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша 20 қадағалау актісін енгізген. Соның нәтижесінде 36,2 мың адамның құқығы қорғалып, оның ішінде 9,9 мың адамның конституциялық құқықтары қалпына келтірілген. Сондай-ақ 691,3 млн теңге жалақы қарызы өндіріліп, еңбек заңнамасын бұзған 135 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, — дейді прокурорлар.

Бұдан бұрын Шымкентте еңбек заңнамасын бұзудың 226 фактісі анықталғанын жазғанбыз.