Қызылорда облысында жол апатының саны 47,9% өсті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында кешенді профилактикалық іс- шаралардың күшейгеніне қарамастан өткен жылы жол-көлік оқиғаларының саны 47,9% (978-ден 1446-ға) өсті.

жол апаты
Фото: pexels.com

Одан 109 адам қаза тауып, көрсеткіш 5,8%-ға, жарақат алғандар саны 54,9%-ға (1247-ден 1932-ге) артты.

- Талдау нәтижесі көбіне жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы жол-көлік оқиғаларына әкелетінін көрсетті. Атап айтқанда, жолда жүру ережесін бұзудың 305 мыңға жуық дерегі анықталса, оның 176 мыңнан астамы — жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқықбұзушылықтар. Осыған байланысты қауіп-қатер жоғары учаскелерде, адамдар шоғыры көп жаяу жүру өткелдерінде кезекшілікті күшейттік, - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.

Өңірлік коммуникация қызметі
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Өңірде жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде анықтайтын стационарлық жүйе желісі кеңейді. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 10 «Sunqar» құрылғысы іске қосылды.

- Одан бөлек, бейнебақылау қондырғыларының саны көбейді. Қазіргі таңда облыс орталығы мен барлық аудандық полиция бөлінісіндегі жедел басқару орталықтары 888 бейнебақылау камерасымен қамтылған. Штаттық режимде жұмыс істеп тұр. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында облыс орталығына 1400 бейнебақылау камерасы, 20 зияткерлік қиылыс, 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш орнатылды, - деді департамент бастығы.

Қазіргі күні оларды іске қосу бағытында жұмыс атқарылып жатыр.

Айта кетейік, жуырда Жетісу облысында жол апатынан 5 адам мерт болды.

Соңғы жаңалықтар