Қызылорда облысының білім беру саласында уақытша мораторий жарияланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгін Қызылордада әлеуметтік салаға бағытталатын бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы екі күндік республикалық семинар-кеңес басталды. Оның секциялық отырысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ашты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, үнемдеу бағытында атқарылған жұмыс жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет баяндама жасады. Биыл облыс бюджеті 823 млрд 400 млн теңгеге жетсе, соның 58%-ы әлеуметтік саланың үлесінде. Соңғы 3 жылда білім, мәдениет және спорт салаларына бөлінген қаржының мақсатқа сай жұмсалуына мониторинг жүргізіліп келеді. Соның арқасында бірқатар шығыс ықшамдалды. Қаржылық заңсыздықтың алдын алуда нақты іс-шаралар қабылданды.
Балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыстың тиімді игерілуін бақылау үшін 2023 жылдан бері Face-бақылау мобильді қосымшасы қолданыла бастады. Осылайша балабақшаларға жалған балалардың тіркелгені белгілі болды. 2023-2025 жылдары мобильді қосымшаның көмегімен балалардың күнделікті балабақшаға келуі қадағаланып, емхананың жалған анықтамаларын, негізсіз демалыс күндерін анықтау есебінен 41 млрд теңге үнемделді.
Орта білім беру саласында да бірінші кезекте мектептердегі сынып жиынтықтары мен оқушылардың толық болуы бақыланды. Екі жылда 76 сынып жиынтығынан 968 млн 900 мың теңге ықшамдалды. Мектеп директорларының жұмысты өз дәрежесінде орындамауы, сағат бөлінісінде кемшіліктерге жол беруі салдарынан толық емес жүктемемен еңбек ететін адам саны 5 мыңға жеткен. Артық штаттық бірліктер, толық емес жүктемемен жұмыс істейтін қызметкерлер санын қысқарту үшін жаңа орындар ашуды түбегейлі тоқтатуға уақытша мораторий жарияланды. Толық емес жүктемемен еңбек ететін 975 штаттық бірліктегі 3762 педагогтің мәселесі шешімін тауып, 6 млрд 200 млн теңге үнемделді. Сондай-ақ 7 бастауыш, 7 кешкі мектептің желісі қысқартылып, жыл сайын 720 млн теңге көлемінде сақталып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары атқарылған шаралар мен басқа да шығын сомасын қайта қарау нәтижесінде 15 млрд 600 млн теңге ықшамдалғанын атап өтті. Бұдан бөлек, сұйық отынмен жылытылатын 198 білім беру мекемесіне 1 жылға бөлінетін 5 млрд теңгенің мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда.
Үнемделген қаржы білім сапасын арттыруға инвестиция ретінде қайта құйылды. Басқа салаларда да бюджет қаражаты үнемделіп, ықшамдалып, бірінші кезектегі мәселелерге басымдық беріледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл 8 айда Қызылорда облысында мектепке дейінгі 97 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілді.