Қызылорда облысының дамуында көрсеткіштер жақсара түсті
Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалып отыр. Тоғыз айдың қорытындысымен облыс ел бойынша алдыңғы қатардан көрінді, деп хабарлайды Kazinform.
Биыл Сыр өңірінде өңдеу өнеркәсібі – 115,8 пайызға ұлғайып, қаржы көлемі 227 млрд теңгеге жеткен. Облыс бір тірегі ретінде ауыл шаруашылығына арқа сүйейтінін білеміз. Бұл саладағы өсім 101,6 пайызға артты.
Аймақта құрылыс саласындағы өсім 126,4 пайызға ұлғайды. Сол сияқты салынғантұрғын үйлердің жалпы ауданы 618 мың шаршы метрге жетті.
Өңір дамуындағы тағы бір көрсеткіш сауда саласында алыс-берістің көлемі 104,1 пайызға (531 млрд теңгеге) өскен.
Ал ондағы көлік және қоймамен қамтамасыз ету деңгейі 107,2 пайызға артып, 210 млрд теңгені құраған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 125,6 пайызға (319 млрд теңге), оның ішінде жеке инвестиция 134,6 пайызға (231 млрд теңге) жетті.
Облыс бюджеті былтыр 387 млрд теңге болса, биыл 609 млрд теңгеге дейін өсті. Өңір қазынасындағы өсім – 57 пайыз.
Облыстың даму бюджеті 2021 жылы 47 млрд теңге, 2022 жылы 50 млрд теңге болса, биыл 127 млрд теңгеге артып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бақандай 2,5 есе өсім бар.
Расында облыста өндірістің көлемі бұрын мұнай секілді шикізатпен толықтырылды. Ендігі кезекте жергілікті билік тарапынан жасалған тиісті жұмыстардың нәтижесінде басқа да өнеркәсіп өндірісін дамыту арқылы жағдайды жақсарта алды.
Облыс әкімі еліміздің орталық бөлігімен жалғастыратын «Қызылорда-Жезқазған» жолы, аймақты кесіп өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін төрт жолақты жол ету тұрақты назарда ұстап келеді.
Қазіргі таңда Жезқазған бағытында тасжол құрылысы қызу қарқын алса, көлік дәлізіне байланысты мәселе алдағы уақытта оң шешіледі.

Жақында облысқа жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге байланысты тиісті орындарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі арылықтағы 566 шақырым жолды бірінші санаттағы 4 жолақты ету мақсатында қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары келесі жылдан бастап әзірленеді.
Әлеуметтік салаға бойынша қажетті нысандар көптеп салынуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы жылдарда облыста 21 мектептің құрылысы жүреді. Жоба құны – 98 млрд теңге.
Бұған қоса өңірдің дарынды балаларына арнап физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар мектеп-интернатының құрылысы басталды. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебiнен мектеп мәселесін шешу мақсатында қосымша 5 мектеп бой көтеруде.
Қызылорда қаласында тағы 4 қосымша ғимарат салынды. Бұл ғимараттардың артықшылығы көп. Атап айтсақ, балалардың үйінен мектепке қатынауына ыңғайлы болуы үшін жақын орналасқан, бюджет қаржысы үнемделді.
Өйткені 550 орындық мектепті жаңадан салуға 3-4 млрд теңге шығын кетеді, ал аталған мектептер 700 млн теңге қаржыға тұрғызылған.
Оған қоса өңірде құны 36,4 млрд теңгені құрайтын 100 адамға арналған емхана, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынуда. Оған қоса облыс орталығында құны 2,7 млрд теңге болатын «Қан орталығы» бой көтере бастады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салынуда.
Алдағы уақытта бірқатар спорт және әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтермек. Осындай жоспардың бірі – құны 18 млрд теңге болатын 7 мың орындық Орталық стадион.
Жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру кешенінің де құрылысы кезек күттірмей іске асады. Ал аудандарда 2,6 млрд теңгеге 11 денешынықтыру кешені бой көтермек.
Мәдениет саласында құны 3,7 млрд теңге болатын «Өнер орталығының» құрылысы аяқталғанын ел асыға күтіп жүр. Таяуда «Анаға тағзым» орталығы өз қызметін бастады.
«Туған жерді бірге түлетейік» үндеуi аясында демеушілер есебінен өңірді дамытуға 37 млрд теңге қаржы тартылған. Бұл қаражатқа әуежайдың терминалы, бірнеше әлеуметтік нысандар, демалыс саябақтары, спорт-ойын алаңдары, көпқабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып, аулалар абаттандырылды.
Кейінгі жылдары облыстың спорт саласы елімізде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Саналуан сайыстарда жеңімпаз болған жетістік жетерлік. Бүгінде өңірде 95 спорт түрі бойынша 316 мыңнан астам адам тұрақты денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады.

Бұл – облыс тұрғындарының 38 пайызы. Дерекке сүйенсек, бұл көрсеткіш 2008 жылы 7,2, 2009 жылы 14,4 пайызды құраған еді. Демек, ол жылдан жылға өсіп отыр.
Биыл сегіз айдың ішінде 920 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 107 мыңға жуық адам қатысты. Ал ұлттық құрама сапында 552 қызылордалық ел намысын абыроймен қорғап келеді.
Қазірге дейін олар Әлем, Азия чемпионаты мен кубоктарынан 128 медаль алды. Ал ел біріншілігі мен кубоктерінен қоржынға 950 жүлде түсті.
Аймақта халықтың салауатты өмір салтын ұстануына деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шаралар жүзеге асуда. Мемлекет басшысының еліміздің ауылдық жерлерінде спорт нысандарын көбейту тапсырмасын орындау мақсатында облыста 12 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Олардың арасынан қазірге дейін Арал ауданындағы «Аманөткел», «Қамыстыбас», Қазалы ауданындағы Пірімов, Түктібаев, Жосалы кентіндегі спорт кешені, Қызылорда қаласына қарасты Махамбетов ауылдық округі, Шиелі спорт кешендері елдің игілігіне айналып үлгерді.
Ал Арал ауданы Жақсықылыш, Қармақшы ауданы «Ақай», Сырдария ауданы «Бесарық», Жаңақорған ауданы М.Нәлібаев, Жалағаш аудандарында 5 нысанның құрылысы жалғасуда.
Бұдан бөлек облыстық бюджеттен Тасбөгет кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 542,1 млн теңге қаралған. Нәтижесінде алдағы уақытта тағы 6 нысан халыққа қызмет көрсетеді.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 190 үйірмеде 5957 бала спорттың 17 түрімен шұғылданады.
Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен сол жағалаудан заманауи талаптарға сай 7 мың орындық стадион құрылысы басталады деп күтілуде.. Оны салу барысында жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірі ескеріледі.
Қазір бұл бағытта тиісті іс-шаралар жасалуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта әмбебап спорт сарайын салу қолға алынады.
Қайсыбір кезеңде өңірдің спорт саласы еліміз бойынша артта қалып қойған еді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері Сыр өңірінде бұл салада қарқынды өсім байқалады. Жаһандық ареналарда атой салып жүрген талай жампоздар Сыр өңірінің абыройын арттырып келеді.