Қызылорда облысының педагогтері суды үнемдеуге үндейтін экологиялық ертегілер әзірледі
АСТАНА. KAZINFORM - Қызылорда облысында педагогтер арасында ұйымдастырылған үздік экологиялық ертегі идеясы байқауының қорытындысы жарияланды.
Байқау Су ресурстары және ирригация министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ, Француз даму агенттігі (AFD) және ЮНИСЕФ қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Су және білім» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Байқауға 200 педагог қатысты. Қызылорда облысының педагогикалық қауымдастық өкілдерінен құралған комиссия 7 жеңімпазды анықтады. Оларға ақшалай сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталады:
• Қайнар Айсұлу Болатбекқызы - Қызылорда қаласындағы М. Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі;
• Оспанова Ұлдай Темірханқызы - Арал қаласындағы Ж. Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейі;
• Алтаева Әлия Ибрагимқызы - Қармақшы ауданындағы №121 мектеп;
• Абдраманова Айгүл Бақытжанқызы - Қызылорда қаласындағы А. Байтұрсынұлы атындағы №211 мектеп;
• Жүсіпбаева Эльвира Сұңғатқызы - Қызылорда қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы №222 мектеп-лицейі;
• Кенжегараева Ақбота Нұрлыбекқызы - Қызылорда қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнайы сыныптары бар мектеп;
• Абдухожаева Райхан Бектұрғанқызы - Қызылорда қаласындағы Б. Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейі.
Жеңімпаздардың идеялары негізінде балаларға, педагогтер мен ата-аналарға арналған жеті экологиялық ертегіден тұратын «Тамшының саяхаты» сериясы әзірленді.
Ертегілерде өзендер, көлдер мен бұлақтардың маңызы, суды тиімсіз пайдаланудың салдары және суға ұқыпты қараудың қарапайым ережелері баяндалады.
Ертегілердің сюжеттері ұлттық дәстүрлерге, халық даналығына және қазақ аңыздарының элементтеріне негізделген. Серия Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында рецензиядан өтті.
-Ертегілерді білім беру және тәрбие жұмыстарында, оның ішінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында пайдалану жоспарланып отыр. Перспективалы бағыттардың бірі - «Оқитын ұлт» ұлттық жобасы. Бұл бастама балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды экологиялық ағартумен және ұлттық құндылықтарды дәріптеумен ұштастыруға мүмкіндік береді. Осылайша суға ұқыпты қарау балаға түсінікті оқиға арқылы жеткізіліп, үйдегі күнделікті дағдыға айналады, - деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Осыған дейін су үнемдегендерді қолдауға 214,6 млрд теңге бөлінетіні туралы жаздық.