Қызылорда облысының полициясы жол апаттарына себеп болатын жәйттерге назар аударды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының тасжолдарында биыл 7 айда 62 жол-көлік оқиғасы болып, 31 адамның өмірін қиды. Сонымен қатар 118 адам зардап шекті.
Қайғылы жәйттердің алдын алу үшін облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлері профилактикалық жұмысты күшейтті. Соның бірі Қарабұтақ - Қызылорда - Шымкент тасжолының бойында ұйымдастырылды.
– Тәртіп сақшылары жүргізушілерді көліктің техникалық жағдайымен қатар өз денсаулығын да бақылап отыруға шақырды. Себебі жол апаттарының көбі жүргізушілердің шаршауы мен сақтық шараларын елемеуінен болады. Әсіресе, түнгі уақытта демалмаған, шаршаған күйде көлік жүргізетін жүргізушілердің қарсы жолаққа шығып кетуі салдарынан соқтығысуы жиілеген. Сондықтан жүргізушілер ара қашықтықты сақтауға, жылдамдықты асырмауға, шаршаған жағдайда міндетті түрде демалуға, жол қауіпсіздігі талабын қатаң орындағандары жөн. Қызметкерлер шаршау деңгейін анықтау үшін оларға медициналық тексеруден өтуді ұсынды. Жүргізушілердің жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін сақтауына, көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, сондай-ақ қажетті рұқсат құжаттарының болуына назар аударды, - делінген хабарламада.
Полиция профилактикалық іс-шаралар жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға, жол апаттарының санын азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Ал 11–13 тамыз аралығында Қызылорда қаласының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Балабақша» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.